Елімізде мүгедектігі бар адамдарды оңалту жүйесін жаңа деңгейге көтеретін алғашқы мемлекеттік жеке ортездер өндірісін іске қосу жоспарлануда. Жобаны іске асырудағы жұмыстарымызбен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында орталығымызға келіп танысты.
Кездесу барысында министрге орталықтың бас директоры Сырым Нәси елімізде алғаш рет мемлекеттік ортездерді модельдеу және өндіру бағытында ашылатын зертхананың жобасын таныстырды. Жаңа зертхананы 2026 жылғы 1 қазанда іске қосу көзделіп отыр.
Зертхана заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, жеке ортездерді жобалау мен дайындаудың толық циклін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта мұндай бұйымдарды негізінен жекеменшік ұйымдар шығарады, ал олардың бағасы көптеген азаматтар үшін қолжетімсіз. Мемлекеттік зертхананың ашылуы жоғары технологиялық ортездермен азаматтарды мемлекет есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, мүгедектіктің алдын алуға бағытталған ерте оңалту шараларының тиімділігін арттырады.
2026 жылдың соңына дейін 500 жеке ортез, 2027 жылы – 1 мың, ал 2028 жылы – 1,5 мың бұйым дайындау жоспарда. Осылайша, алдағы үш жылда шамамен 3 мың азамат заманауи ортездермен қамтамасыз етіледі.
«Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы заманауи оңалту технологияларын енгізетін жетекші ғылыми-практикалық алаңға айналуы тиіс. Сондықтан ортездерді модельдеу және өндіру зертханасын уақытылы іске қосуды, оңалту үдерістерін одан әрі цифрландыруды және кохлеарлық имплантациядан кейінгі балалардың есту-сөйлеу оңалту жүйесін дамытуды қамтамасыз ету маңызды», – деді Асқарбек Ертаев.
Жұмыс сапары барысында министр орталығымыздағы кохлеарлық имплантациядан кейінгі балалардың есту-сөйлеу оңалту бөлімінің жұмысымен де танысты. Бөлімде бүлдіршіндердің есту және сөйлеу қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне бағытталған кешенді оңалту көмегі көрсетіледі.
Сондай-ақ протездік-ортопедиялық көмекті дамыту бағытындағы жұмыс нәтижелерімізді де көрсеттік. Мемлекеттік тапсырма аясында мұнда жыл сайын шамамен 250 жоғары технологиялық бұйым дайындалып, жаңа технологиялық үдерістің жеті түріне дейін әзірленеді.
Жұмыс сапарының қорытындысында Асқарбек Ертаев орталық ұжымымен кездесті. Оның барысында мемлекеттік тапсырмалардың орындалуы, ғылыми әлеуетті дамыту және халықты әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі жетілдірудің басым бағыттары талқыланды.