Кохлеарлық имплантация — терең есту қабілеті бұзылған балаларға көмек көрсетудің заманауи және тиімді әдісі болып табылады. Ол есту қабылдауын қалпына келтіруге, баланың әлеуметтенуін және толыққанды дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттың ерекшелігі медициналық, сурдопедагогикалық, психологиялық және логопедиялық тәсілдердің үйлесуі арқылы баланы кешенді түрде қолдауда көрініс табады.
Есту-сөйлеу оңалтуы — кохлеарлық имплантациядан кейін балалардың есту қабылдауын қалпына келтіру және сөйлеу тілін қалыптастыруға бағытталған пәнаралық үдеріс. Ұлттық ғылыми орталық бұл бағытта кадрлық және техникалық тұрғыдан жоғары әлеуетке ие. Орталықта арнайы кабинеттер, заманауи жабдықтар және кәсіби әдістемелер бар, бұл балаларға сапалы сүйемелдеу көрсетуге мүмкіндік береді. Жұмыста есту қабілетінің бұзылу деңгейін диагностикалау, кохлеарлық импланттарды баптау, есту-сөйлеу дамуының динамикасын мониторингтеу, сондай-ақ имплантациялық жүйе компоненттерін ауыстыру және қызмет көрсету бойынша ұсыныстар әзірлеуге арналған арнайы компьютерлік бағдарламалар қолданылады. Бұл кохлеарлық импланты бар балаларға оңалтудың барлық кезеңінде толық медициналық-психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Оңалту тек дыбысты физикалық қабылдауды қалыптастыруға ғана емес, сонымен қатар баланың сөйлеуін, ойлауын және коммуникативтік дағдыларын дамытуға бағытталған. ҰҒО-да күндізгі және тәулік бойы стационарлық оңалту түрлері жүзеге асырылады, бұл балалардың есту-сөйлеу және әлеуметтік дамуына кешенді әсер етуге мүмкіндік береді. Тәулік бойы жүргізілетін оңалту түрі әсіресе шалғай және ауылдық аймақтардан келген балалар үшін маңызды, себебі мұндай қызметтер ол өңірлерде қолжетімсіз.
Оңалту қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында орталыққа Ресей, Түркия және басқа да елдерден жетекші шетелдік мамандар тұрақты түрде шақырылады. Мұндай ынтымақтастық есту-сөйлеу оңалтудың тиімділігін арттырып қана қоймай, отандық мамандардың кәсіби біліктілігін халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу арқылы жетілдіруге мүмкіндік береді. Оңалту шаралары мен оқыту үдерістері мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі, бұл өңіріне қарамастан барлық балалар үшін қызметтердің тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты — есту қабілеті бұзылған балалардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру және оларды қоғамға толыққанды интеграциялау.
2026 жылға арналған мемлекеттік тапсырманы іске асыру шеңберінде күндізгі стационар жағдайында 936 есту-сөйлеу оңалту курсын өткізу, сондай-ақ негізінен шалғай өңірлерден келген кемінде 150 балаға тәулік бойы стационарлық есту-сөйлеу оңалтуды ұйымдастыру көзделген.