7 тамызда Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығында 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындысына арналған есеп беру жиыны өтті. Жиында Орталықтың құрылымдық бөлімшелері атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырып, жылдық жоспардың орындалу барысы мен екінші жартыжылдыққа белгіленген міндеттерге тоқталды.
Алдымен Ғылым, әдіснама және даму департаменті бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар туралы ақпарат ұсынды. Аталған бөлімде әлеуметтік оңалту саласында екі ғылыми тақырып бекітіліп, зерттеу әдіснамасы мен құралдары әзірленгені айтылды. Сонымен қатар, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында техникалық оңалту құралдары жөніндегі пилоттық жобаның ұйымдастыру кезеңі аяқталып, практикалық іске асыру кезеңіне өткен. 22–23 мамырда Орталық ұйымдармен бірлесе «Ізгі істер уақыты – 2026» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп, әлеуметтік және кешенді оңалту бағыттары бойынша ғылыми-практикалық тәжірибесін таныстырған. Екінші жартыжылдықта зерттеулер аясында жинақталған деректерді талдау және пилоттық жобаларды әрі қарай дамыту көзделіп отыр.
Протездік-ортопедиялық көмек беру департаменті өндірістік жоспардың орындалу көрсеткіштерін ұсынды. Атап айтқанда, 2026 жылға 250 протездік-ортопедиялық бұйым әзірлеу жоспарланып, алғашқы алты айда 110 бұйым дайындалып, жылдық жоспардың 44 пайызы орындалған. Олардың қатарында балтыр мен сан протездері, аяқ-қолға арналған аппараттар бар.
Департаменттің технологиялық бөлімі алты ай ішінде атқарылған жұмыстар мен енгізіліп жатқан технологиялық шешімдерді таныстырды. Есептік кезеңде жеті жаңа технологиялық үдеріс әзірленген. Олардың қатарында микропроцессорлық және роботтандырылған тізе модульдері, заманауи протездік табандар, бейімделгіш амортизация жүйелері және басқа технологиялық шешімдер бар. Екінші жартыжылдықта басталған жобаларды жалғастырып, жылдық міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Есту-сөйлеуін оңалту және бейімдеу департаменті кохлеарлық имплантациядан кейінгі балалармен жүргізілген жұмыстың қорытындыларын ұсынды. Балаларға жүйелі оңалту қызметі күндізгі және тәулік бойы форматта жеті филиалда көрсетілген. Оңалту үдерісіне сурдопедагогтар, логопедтер, дефектологтар, психологтар және басқа бейінді мамандардан құралған мультидисциплинарлық команда тартылған. Мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту мақсатында педагогтер үшін біліктілікті арттыру курсы өткізілген.
Экономика және қаржы департаментінің есебінде бюджет қаражатын игеру, мемлекеттік тапсырманың орындалуы және шығыстардың бекітілген жоспарға сәйкестігі қаралды. Департамент қаржылық тәртіпті сақтау, шығыстарды бақылау, салықтық жүктемені ескеру және қаржылық тәуекелдерді төмендету бағытында жүргізілген жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Құқықтық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алулар бөлімі Орталық пен оның филиалдарының қызметін құқықтық сүйемелдеу, шарттар мен ішкі құжаттарға құқықтық сараптама жүргізу, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін құқықтық қамтамасыз ету, талап қою және сот жұмыстары бойынша атқарылған шаралар туралы есеп берді. Екінші жартыжылдықта қаражатты тиімді игеру, міндеттемелерді уақытылы орындау және қаржы-экономикалық тұрақтылықты сақтау негізгі міндеттердің қатарында белгіленді.
Жиын қорытындысында құрылымдық бөлімшелердің бірінші жартыжылдықтағы жұмыс нәтижелері сараланып, жылдың қалған кезеңіне арналған басым міндеттер нақтыланды. Ғылыми-әдістемелік бағытты күшейту, оңалту қызметтерінің сапасын сақтау, жаңа технологияларды енгізу, өндірістік жоспарларды орындау және қолға алынған жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау бойынша тиісті міндеттер айқындалды.