Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының әдіснамалық сүйемелдеуімен Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен және арнайы жүріп-тұру құралдарымен өтеусіз пайдалану және қайтару шарттарында қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылады.
Жоба Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жүзеге асырылады.
Пилоттық жобаның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдарының (бұдан әрі – ОТҚ) қолжетімділігін арттыру және оңалту үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз ету. Жоба ОТҚ сервистік қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге, оның ішінде әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізуге, техникалық қызмет көрсету мен жөндеуді ұйымдастыруға бағытталған.
Жоба аясында ОТҚ әлеуметтік-техникалық сараптамадан өткізіледі. Қажет болған жағдайда олар жөнделіп, қалпына келтіріледі және одан әрі пайдалануға беріледі. Сонымен қатар алғаш рет техникалық құрал жөндеуде болған кезеңде азаматтарға уақытша алмастырушы оңалту құралы ұсынылады. Бұл мүгедектігі бар адамдарға қажетті қызметтерді үздіксіз алуға және олардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба толық цифрлық форматта іске асырылуда. ОТҚ ұсынудан бастап оларды қайтару және одан әрі пайдалануға дейінгі барлық кезеңдер ақпараттық жүйеде тіркеледі.
Пилоттық жоба 2027 жылғы сәуір айына дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарды ОТҚ қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленіп, жобаны республика көлемінде кеңейту мәселесі қаралатын болады.